Қысқы Олимпиада кезінде қазақстандықтар әлеуметтік желіні жаулап алған
Бір жазбаға 22 мыңға жуық пікір қалдырған
Қазақстандық жанкүйерлер 2026 жылғы Қысқы Олимпиада кезінде әлеуметтік желідегі белсенділік бойынша көш бастады. Бұл туралы IRIS Sport зерттеуінде жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандықтар Ұлттық Олимпиада комитетінің әлеуметтік желідегі жазбаларына ең көп реакция білдірген. Зерттеу барысында әр жарияланымға жиналған лайк, пікір және басқа да реакциялар саны салыстырылған. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан барлық әлеуметтік желілерде, сондай-ақ Instagram желісінде бірінші орынға шыққан. Қазақстаннан кейін АҚШ, Чехия және Мексика ҰОК-тары орналасқан.
Зерттеу авторлары қазақстандық аудиторияның белсенділігін спортшылар туралы контенттің танымалдығымен байланыстырады. Әсіресе Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров туралы жарияланған материалдарға қызығушылық жоғары болған.
Қазақстандық жанкүйерлердің әлеуметтік желідегі белсенділігі шетелдік клубтардың да назарын аударып жүр. Мысалы, Дастан Сәтпаевтың «Челси» сапындағы алғашқы голы туралы видео клубтың Instagram парақшасында көп талқыланған жазбалардың біріне айналған. Футболшы жайлы тағы бір жазбаға 22 мыңға жуық пікір жазылған. Олардың басым бөлігін қазақстандық жанкүйерлер қалдырған.
Осыған ұқсас жағдай «Реал Мадрид» клубының әлеуметтік желідегі парақшасында да болған. Чемпиондар лигасының жеребесі тартылғаннан кейін қазақстандық жанкүйерлер Алматыда өтетін матчқа байланысты клубтың жазбаларына жаппай пікір қалдырған.
Қазақстандық аудиторияның белсенділігін «Интер» де ескерген. «Қайратпен» матч алдында миландық клуб қазақ тілінде жазбалар жариялап, видеоларына Қайрат Нұртастың әндерін қойған.