Әбілқасымова Тоқаевқа «қара тізімге» енген коллекторлар туралы ащы шындықты айтып берді

Автор: Асыл Арман

Әбілқасымова 13 микроқаржы ұйымын лицензиясынан айырып, 4 коллекторды қара тізімге енгізген 

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Президентке атқарып жатқан жұмысы туралы есеп бере отырып Әбілқасымова лицензиясынан айырылған микроқаржы ұйымдар мен коллекторлар туралы нақты мәлімет ұсынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы қаржы нарығын реттеу мен дамытудың биылғы 8 айдағы нәтижесін тыңдап, болашаққа арналған жоспарымен танысқан. Әбілқасымованың есебіне қарасақ, сегіз айда агенттік нарықта заңсыз жұмыс істеген ұйымдарды қатты тексерген көрінеді. 

Агенттік 8 ай ішінде қаржы секторындағы ұйымдарды 279 рет тексеріп, оларға 465 миллион теңге сомасында айыппұл салған. Микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығында жұмыс істейтін 13 субъекті лицензиясынан айырылды, ал алтауының лицензиясы уақытша тоқтап, 4 коллекторлық ұйым Қаржы нарығын реттейтін агенттіктің тізімінен шығып қалған», – деп хабарлайды Ақорда. 

Сондай-ақ Әбілқасымова президентке халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін не істеп жатқанын айтып берген. Соның ішінде, Әбілқасымованың мәліметіне сүйенсек, бизнеске арналған кредиттер 3,5 пайызға ұлғайып, 16 триллион теңгеге жетті. Кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі жыл басынан бері 19,1 пайызға өсіп, 12,5 триллион теңгеге жеткен. Халыққа беретін несиені реттей отырып агенттік 7 ай ішінде тұтынушылық несиенің өсімін 4,6 пайыз баяулатып қойған көрінеді.   Жыл соңына дейін азаматтардың арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмыс істей бастайды.

Тоқаев Әбілқасымоваға елдегі қаржы нарығын реттеуді күшейтіпа, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал мен сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берген.