Баян Алагөзова дінге қатысты желідегі жазбасы үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады

Оның желідегі жазбасы қоғам тарапынан қатаң сынға ұшыраған

Баян Алагөзова дінге қатысты желідегі жазбасы үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады
Фото: Dina Tolepbergen/YouTube/Видеодан скрин

Танымал продюсер Баян Алагөзова діни фанатизм туралы жазбасы үшін дін ұстанған қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Продюсердің айтуынша, оның жазбасы қоғамда үлкен резонанс тудырған. Осыған байланысты ол қоғам тарапынан қатаң сынға ұшыраған жазбасын түсіндіріп өтті.

«Менің сөздерім діндарлардың көңіліне тиді. Сол үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Мен әр адамға және әр дінге құрметпен қараймын, тек ол басқа адамға зиян келтірмеген болса», – деп жазды Алагөзова.

Ол дінге қарсы емес екенін, керісінше қазақстандықтарға жат діни ағымдарды таңуға, сондай-ақ радикалды көзқарасқа қарсы екенін атап өтті.

Продюсер ерте жастан отбасын құруды, қыздар мен әйелдердің білім алуын және медициналық көмекті шектеуді, зорлық-зомбылықты үзілді-кесілді қолдамайтынын мәлімдеді.

Сөз соңында Алагөзова ұлттық мәдени кодты, дәстүрлерді және мемлекеттің зайырлы сипатын қорғайтынын тілге тиек етті.

«Мен ешқашан өз тамырымнан, ата-бабамнан және дәстүрімнен биік ештеңе қоймаймын. Бұл – менің таңдауым, менің жолым. Мен зайырлылықты қолдаймын! Ал сіз ше?» – деп қорытындылады ол.