ЭЫДҰ Қазақстан статистикасының сапасы мен сенімділігін жоғары бағалады

Қазақстанның ресми статистикасы ЭЫДҰ-ның жоғары бағасына ие болды

ЭЫДҰ Қазақстан статистикасының сапасы мен сенімділігін жоғары бағалады
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша жоғары баға алды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жүргізген тереңдетілген шолу қорытындысында елдегі ресми статистиканың басым бағыттары Ұйымның озық саясаты мен тәжірибесіне толықтай дерлік сәйкес келетіні атап өтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бағалау кезінде ресми статистиканың сапасы бірнеше көрсеткіш бойынша тексерілген. Атап айтқанда, деректердің дәлдігі мен сенімділігі, бір-бірімен үйлесімділігі, халықаралық талаптарға сәйкестігі, қамту деңгейі, өзектілігі, уақытылы жариялануы, қолжетімділігі және түсініктілігі ескерілген.

«Қарастырылып отырған пәндік салалардың басым көпшілігінде Қазақстанның ресми статистикасы ЭЫДҰ-ның озық саясаты мен практикасына толықтай дерлік сәйкес келеді», – деп атап өтті қорытынды есепте.

ЭЫДҰ ұлттық статистикалық жүйені ауқымды жаңғыртуға және ресми статистиканы қалыптастырудың заманауи тәсілдерін енгізуге ерекше назар аударды.

ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның негізгі жетістіктерінің қатарында мыналарды атап өтті:

  • цифрлық статистикалық тіркелімдерді дамыту және оларды мемлекеттік органдардың деректерімен біріктіру;
  • әкімшілік деректерді белсенді енгізу және олардың сапасын арттыру;
  • статистикалық ақпаратты жинау және өңдеу процестерін цифрландыру;
  • фискалдық чектер мен мобильді позициялау деректері түріндегі баламалы дереккөздерді қолдану;
  • дәстүрлі зерттеулерден цифрлық дереккөздерден алынған деректерді пайдалануға көшу есебінен респонденттерге түсетін жүктемені азайту;
  • халық санағын жүргізудің тіркелімдік моделіне дәйекті түрде көшу;
  • халықаралық статистикалық жіктеуіштерге, тұжырымдамалар мен әдіснамаларға сәйкестіктің жоғары деңгейі.

ЭЫДҰ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстандағы бұл өзгерістер ресми статистиканы дамытудың қазіргі халықаралық талаптарына сай келеді.

Реформалардың басты нәтижелерінің бірі – статистика жинаудың бұрынғы тәсілінен жаңа жүйеге көшу. Бұрын ақпарат негізінен арнайы сауалнамалар мен зерттеулер арқылы жиналса, енді мемлекеттік органдардың деректерімен қатар, төлемдер мен басқа да операциялар туралы мәліметтер сияқты түрлі ақпарат көздері де кеңінен пайдаланылмақ.

«Цифрлық статистикалық тіркелімдерді енгізу, жаңа дереккөздерді пайдалану және статистика жинау жұмыстарын цифрландыру деректерді тезірек әрі сапалы алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл бизнес пен азаматтардан қосымша ақпарат сұрау қажеттілігін азайтып, оларға түсетін жүктемені жеңілдетеді. Жасанды интеллект пен автоматтандыру технологияларын дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Олар үлкен көлемдегі деректерді өңдеу, аномалияларды анықтау, жіктеу, болжау және статистикалық өндірістің тиімділігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Тереңдетілген шолу 2023-2025 жылдары ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының бастамасымен жүргізілді. Оның аясында ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанға үш рет жұмыс сапарымен келіп, ресми статистиканы қалыптастырудың құқықтық, институционалдық, әдіснамалық және технологиялық негіздерін егжей-тегжейлі зерделеді», – делінген бюро мәліметінде.

Шолу барысында ұлттық статистиканың барлық негізгі бағыттары қаралды. Олардың қатарында ұлттық есеп, баға, еңбек нарығы, кәсіпорындар, сыртқы сауда, халықтың табысы мен әл-ауқаты, сондай-ақ қоршаған ортаға қатысты статистика бар.

ЭЫДҰ сарапшыларының жоғары бағасы Қазақстанда статистиканы цифрландыру, жаңа дереккөздерді пайдалану және ресми ақпараттың сапасын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетті.

Ұлттық статистика бюросының халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етудегі маңызды кезең Қазақстанның 2025 жылы ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылуы болды.

Қазақстан осы құжатқа қосылған ТМД-дағы алғашқы ел болды. Бұл құжат ресми статистиканың сапасы, сенімділігі, объективтілігі және ашықтығы саласындағы халықаралық бағдарларды белгілейді.

Қол жеткізілген прогреске жоғары баға берумен қатар, ЭЫДҰ сарапшылары ұлттық статистикалық жүйені одан әрі жетілдіру бағыттарын да белгіледі.

Атап айтқанда, мыналарды одан әрі дамыту ұсынылды:

  • мемлекеттік сектордың берешегі статистикасын;
  • құрылымдық статистиканы және кәсіпорындардың демографиялық статистикасын;
  • экологиялық-экономикалық есепке алуды;
  • кәсіпорындардың сипаттамалары бойынша бөліністегі сауда статистикасын.

«Бұл ретте ЭЫДҰ аталған бағыттардың бірқатары бойынша Қазақстанның тиісті жұмыстарды жүргізіп жатқанын атап өтеді, оның ішінде деректердің қамтылуы мен түсіндірілуін күшейту, метадеректерді сипаттау және неғұрлым терең детализациялау бойынша жұмыстар бар. ЭЫДҰ ұсынымдары ұлттық статистикалық жүйені одан әрі дамыту барысында пайдаланылатын болады», – деп жазады бюро.

ЭЫДҰ-ның қорытынды есебі Ұйымның ресми сайтында жарияланған. (https://www.oecd.org/en/publications/oecd-reviews-of-national-statistical-systems-kazakhstan-2026_f7edbacb-en.html#executive-summary)