Ауа райы тұрақсыз болады: Қазақстанда алдағы үш күнде жаңбыр жауып, жел күшейеді

Автор: Асыл Арман

Синоптиктердің алдағы үш күнге арнаған ауа райы болжамы белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Қазақстанның солтүстігінде ауа температурасы салқындап, оңтүстікте күн жылы болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райына солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді.

Ауа райы тұрақсыз болады: жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнайды, жел күшейіп, ауа температурасы біртіндеп төмендейді.

«Еліміздің оңтүстік-шығысында 12 қыркүйекте жаңбыр жауады, бірақ ауа райы жылы болады. Сонымен қатар батыста циклон өткеннен кейін жауын-шашын әлсіреп, ауа райы біртіндеп тұрақтанады. Ауа температурасы солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде +13…+23°С-қа дейін, орталықта +15…+25°С-қа дейін төмендейді. Ал батыста температура біртіндеп +20…+28°С-қа дейін жоғарылайды», – делінген синоптиктер болжамында.