Оралда ер адам танысын асқан жауыздықпен пышақтап өлтіріп, сотта өзін қорғадым деп ақталған
Ол сот үкімімен келіспей, кассациялық шағым түсіріп, ақталып шықпақ болған
Оралда ер адам танысының басына, кеудесі мен ішіне, арқасы мен жамбасына пышақ сұғып, асқан жауыздықпен өлтірген. Ал сотта өзін қорғау үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын айтып ақталмақ болған. Алайда сот оның ақталмақ болған сөздерін негізсіз деп таныды, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Кассациялық соттар» мәліметінше, бірінші сатыдағы сот ер адамды кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған. Ал апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Алайда, ол кассациялық шағым түсіріп, ақталып шықпақ болған. Айтуынша, жанжалды танысы бастап, пышақпен бірінші шабуыл жасаған. Ал ол оның қолындағы пышағын тартып алып, өзін қорғау үшін бірнеше рет сұғып алуға мәжбүр болған.
Алайда кассациялық сот оның бұл сөздерін растайтын дәлелдер жеткіліксіз деген шешімге келді.
Соттың ұсынған дәлелдеріне сүйенсек, ер адам мас күйінде танысына кемінде 10 рет әдейі сұғып алған. Соның салдарынан көп қан жоғалтқан. Сол сияқты марқұмның ешқандай қарсылық көрсетпегені де анықталды. Марқұмның алған жарақаттары мен оқиға кезіндегі жағдай шабуылдың керісінше сотталған адамның бастағанын көрсеткен.
«Жәбірленушінің айтқандары сот сараптамаларының нәтижелерімен, куәгерлердің сөздерімен және оқиға орнын тексеру кезінде жиналған дәлелдермен сәйкес келген. Оқиға орнынан пышақ пен қан іздері де табылған. Кассациялық сот ер адамның әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі бойынша қаралғанын орынды деген қорытындыға келді. Сондай-ақ сот тағайындаған жазаны негізді деп танып, істі қарау кезінде заң талаптары бұзылмағанын атап өтті», – делінген «Кассациялық соттар» хабарламасында.