Тоқаев Тәжікстан халқын егемендігінің 35 жылдығымен құттықтады

Автор: Асыл Арман

Мемлекет басшысы Тәжікстан президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен оның отандастарын Тәжікстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, президент Тәжікстанның егемендік жылдарында мемлекеттік басқару, әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғау мен ілгерілету ісінде зор табысқа қол жеткізгенін атап өтті.

«Қазақстан халқы еліңіздің жетістіктеріне риясыз қуанады. Біз достық қарым-қатынас пен өзара қолдауды жоғары бағалаймыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы бауырлас қос халықтың игілігі жолында нығая беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас тәжік халқына құт-береке тіледі.