«Мембағдарлама арқылы кезексіз үй алып беремін»: Ақтөбе тұрғыны 10 млн теңгесінен айырылып қалды
Оқиғаға осыдан екі жыл бұрын болған
Ақтөбе облысында әйел адам танысын мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алып беремін деп алдап, 10 млн теңгесін қағып алған. Полиция департаменті осыған байланысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, шамамен екі жыл бұрын жергілікті тұрғын танысының сенімін пайдаланып, мемлекеттік бағдарлама аясында тиімді бағада баспана алып беремін деп алдаған. Әлбетте уәде орындалмаған, ал ақшасы сол қалпы қайтарылмаған. Амалы қалмаған ол полицияға жүгінген.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас басқа да фактілерге қатыстылығы тексерілуде», – делінген хабарламада.
Полиция департаменті тұрғындарды жылжымайтын мүлікпен байланысты мәмілелер жасау және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу кезінде аса сақ болуға шақырады.
«Азаматтарға тұрғын үйді «кепілді түрде алып беремін», кезекті жылдамдатамын, құжаттарды рәсімдеуге көмектесемін немесе таныстар арқылы мәселені шешіп беремін деген уәделерге сеніп, бейтаныс тұлғаларға ірі көлемде ақша бермеген жөн. Кез келген шешім қабылдамас бұрын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы, оның талаптары мен оған қатысу тәртібі туралы ақпаратты тексеріп, ресми дереккөздерге жүгіну қажет», – дейді ПД.
Полиция азаматтарды алаяқтардың арбауына түспеуге және күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға хабарласуға шақырады.