«Апай мені жағымнан ұрды»: Астанада балабақша тәрбиешісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Дәрігерлер баланы қарап, беті мен маңдайынан соққы алғанын медициналық қорытындыда көрсеткен

Астанада балабақшалардың бірінде шу шықты. Балабақша тәрбиешісі төрт жасар бүлдіршіннің бетінен ұрып, көгертті деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.

Оқиға 2 қыркүйек күні «Сова» балабақшасында болған.

«Сағат онның шамасында тәрбиеші маған хабарлама жазды. «Қызыңыздың мінезі боран екен. Мені тыңдамады. Мен ұрыстым, үйге барғанда шошып қалмаңыз» деді. Мен «жарайды, рақмет», деп жұмысымды әрі қарай істеп жаттым. Содан кейін кешкі сағат алтылар шамасында үйге келгенінде бетін қарасам, көгерген іздер бар. Қызымнан не болғанын сұрасам: «Апай мені жағымнан ұрды» дейді. Оны үлкен қызым растады», – деді бүлдіршіннің анасы Еркеназ Көшкінбай.

Белгілі болғандай, анасы уақыт жоғалтпай, баласын бірден №2 қалалық балалар ауруханасына апарған. Дәрігерлер баланы қарап, беті мен маңдайынан соққы алғанын медициналық қорытындыда көрсеткен.

«Психологқа көрсетемін бе деп отырмын. Түнде шошитынды шығарды. Дәретін ұстай алмай, жіберіп қояды, бізде мұндай жағдай ешқашан болмаған. Сарайшық ауданындағы полицейлер де жылы жауып қойғысы келді. Бейнежазбаны көрсетуін талап етемін. Бұл іс жылы жабылып қалмаса екен деймін. Балабақшадағы басқа балалар зардап шекпесе деймін», – дейді Еркеназ Көшкінбай.

Анықталғандай, тәрбиеші бұл балабақшаға бір ай бұрын ғана ауысып келген екен.

«Аталған факті бойынша Сарыарқа ауданының Полиция басқармасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, оның ішінде оған қатыгездікпен қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – дейді Астана қаласының Полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы Аружан Бектасова.

Тергеу бітіп, сараптама нәтижесі шыққан соң, баланың ата-анасы істі сотқа дейін жеткізуге бекініп отыр. Сондай-ақ төрт жасар Раяға жаңа балабақша іздеуге мәжбүр.