Сот оны небәрі 10 тәулікке ғана қамауға алды
Астанада жыл басынан бері жол ережесін 51 мәрте бұзған ер адам бұл жолы адам шошырлық әрекетке барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ер адам 6 тамыз күні Mercedes көлігіне мініп, Құдайбердіұлы көшесінің бойыменн 158 км/сағ жылдамдықпен жүйткіп өткен. Ал 19 тамыз күні сағат 00:03-те Porsche көлігіне отырып, Тұран даңғылында келе жатып, жылдамдығын 197 км/сағ дейін жеткізген.
Сотта ер адам кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Айтуынша, сол күні туысының спорт көлігіне мініп, жылдам жүргізуге қатты қызыққан. Ал бұрынғы айыппұлдарын төлеген.
Сотта оның биыл қаңтар айынан бері 51 мәрте жол ережесін бұзып, әкімшілік жауапқа тартылғаны хабарланды. Оның ішінде 14-і – жылдамдықты арттыру мен бағдаршамның қызыл немесе сары түсіне өтіп кету.
Оның кінәсін хаттамалар мен инспектордың рапорты және «Сергек» камералары дәлелдеді.
Сот ер адамды жол ережесін жүйелі бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілікке қамауға алу туралы шешім шығарды.