Екі пациентті полиция мен еріктілер іздестіріп жатыр
Алматыда Психикалық денсаулық орталығынан қашып кеткен екі пациент із-түзсіз жоғалды. Психикалық ауытқулары бар ер адам мен әйелді полиция және қала еріктілері іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғалғандар туралы ақпаратты Lider.kz еріктілері Instagram парақшасында жариялады.
1989 жылғы 24 маусымда туған Нелли Александровна Шахрай 16 сәуір күні шамамен сағат 09:00-де Бостандық ауданындағы Психикалық денсаулық орталығынан шығып кеткен. Әйелдің кеңістікті бағдарлауы бұзылған.
Бойы – 167 сантиметр, дене бітімі орташа, көзі қоңыр, шашы ұзын, қара-қоңыр, арасында ақ шашы бар. Бетінде бөртпелер бар. Жоғалған күні үстіне қою көк түсті велюр кофта, күлгін шалбар және көк резеңке аяқ киім киген.
1991 жылғы 7 қыркүйекте туған Денис Сергеевич Антипин 13 мамыр күні шамамен сағат 08:00-де Кекілбайұлы көшесіндегі Психикалық денсаулық орталығынан қашып кеткен.
Бойы – 180 сантиметр, дене бітімі орташа, көзі қоңыр, шашы қысқа, қара-қоңыр, арасында ақ шашы бар. Сол көзінің маңында меңі бар. Үстінде қара жилет, ақ футболка, қара шалбар және қара аяқ киім болған.
«Қала және облыс тұрғындарынан іздеу хабарландыруларына мұқият қарап, іздестіріліп жатқан адамдардың түрін есте сақтауды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Еріктілер Алматы мен облыс тұрғындарын көшелерге, аулаларға, кіреберістерге, аялдамаларға, базарларға, вокзалдарға, қоғамдық көліктерге және адам көп жиналатын басқа да орындарға назар аударуға шақырды.
Іздеудегі адамдарға ұқсас адамды көрген жағдайда оны өз бетінше ұстауға немесе жанжалға баруға болмайды. Ақпаратты 102 нөмірі арқылы полицияға хабарлау қажет.