Көкшетауда ТЖМ қызметкерлері өрттен ер адамды құтқарып қалды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жалын 20 шаршы метр аумақты шарпыған

Фото: ТЖМ

Көкшетау қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйдің 1-қабатындағы бөлмеде өрт шықты. Жалын 20 шаршы метр аумақты шарпыған. Шақыру орнына жеткен ТЖМ құтқарушылары тілсіз жауды 16 минут ішінде толықтай сөндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өрт сөндірушілер жанып жатқан бөлмеден 1986 жылы туған, II топтағы мүгедектігі бар азаматты алып шықты. Құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадасы оқиға орнында бірлесіп, зардап шегушіге шұғыл реанимациялық көмек көрсетті.

Мүгедектігі бар ер адам облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, өртке электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.

«Электр құрылғыларын қосулы күйде қараусыз қалдырмаңыз және сымдардың ақауын уақтылы жойыңыз. Өрт немесе қауіпті жағдай туындағанда дереу 112 нөміріне хабарласыңыз», – деп ескертеді құтқарушылар.