Қарағанды облысында машинистерді 27 мың вольт ток соққан
Қарағанды облыстық травматологиялық қызметі жағдайға байланысты түсініктеме берді
Қарағанды облысындағы теміржол өткелінде электровоз бұзылып, салдарынан машинист пен оның көмекшісі 27 мың вольттық жоғары кернеулі ток соққысын алды. Жарақат алған теміржолшылардың жақындары басшылық жауапкершілікті зардап шеккендердің өзіне аударғысы келеді деп қауіптенеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жақындарының айтуынша, сол кеште электровоз істен шығып, машинистке 20 минут ішінде ақауды жойып, пойызды жолдан алып тастау туралы бұйрық берілген. Артында басқа да құрамдар келе жатқан.
Машинист Ержан Қойманов токқа түскен сәтте, оның көмекшісі Бердіғали Ғабдуллин киімінен тартып құтқармақ болған кезде өзі де токқа түскен.
Туыстарының сөзінше, зардап шеккендерді санитарлық авиациямен бірден Қарағандыға жеткізудің орнына, бір тәулік бойы Ағадыр станциясында ұстап, уақыт созған. 16 жылдық өтілі бар машинист денесінің 50%-ын, ал оның көмекшісі 15%-ын күйік шалған. Күйік өте ауыр, тіпті сүйекке дейін жеткен.
Қарағанды облыстық травматологиялық қызметі жағдайға байланысты түсініктеме берді:
«Бір пациент комбустиология бөліміне госпитализацияланды, жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Екінші пациент жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр», – деді жағдайлық орталық басшысы Ксения Деревяшкина.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС баспасөз қызметі ресми тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Оқиғаның себептері мен мән-жайын Қарағанды облыстық Еңбек инспекциясы анықтап жатыр. ҚТЖ өкілдері тергеу аяқталғанға дейін алдын ала қорытынды жасауға ерте екенін білдірді.