Төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген
Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеу деректеріне қарағанда, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны заңсыз алған.
Белгілі болғандай, 57 асыл тұқымды бұқа бар деген жалған мәліметтің негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған. Кейін осы деректерге негізінде іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмысқа тағы 17 млн теңге бөлінген.
Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның салдарынан тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған.
«Мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асты. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген агенттік хабарламасында.