Трамп енді Ормуз бұғазын «Трамп бұғазы» деп өзгерткісі келеді

Автор: Асыл Арман

Ол осыған дейін бірнеше жердің атауын өзгерткен

Фото: Bild

АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын өзінің атына өзгерткісі келеді. Оның айтуынша, Иран мен Оманның арасындағы бұл бұғаз қазір АҚШ-тың бақылауында. Осыған байланысты ол Truth Social әлеуметтік желісінде бұғазға жаңа атау беруді ұсынды. Нақтырақ айтқанда, «TRUMP STRAIT» – «Трамп бұғазы» деп атау туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Енді ол АҚШ-тың бақылауында болғандықтан, Ормуз бұғазының атауын Трамп бұғазы деп өзгерткеніміз жөн бе?» – деп жазды Трамп.

Оның пікірінше, бұл жағдайда аталған су жолында «бұрын-соңды болмағандай қызу қозғалыс» орнайды, дәл Американың өзі сияқты.

Соңғы апталарда Трамп стратегиялық маңызы зор бұл бұғазды АҚШ құрамына қосқысы келетінін де бірнеше рет мәлімдеді. Ол Truth Social желісінде Ормуз бұғазы «New U.S. Territory», яғни «АҚШ-тың жаңа аумағы» деп белгіленген картаны жариялады.

Айта кетейік, Трамп бұған дейін де географиялық нысандардың атауын өзгертуге қатысты бастамаларымен бірнеше рет көзге түскен. Өткен аптада ғана ол Канадамен шекарада орналасқан Онтарио көлінің атауын «Американ көлі» деп өзгерту туралы өкім берді.

Бұған дейін ол Мексика шығанағын «Америка шығанағы» деп атауды да тапсырған.