«Қазақстан ұлт-азаттық күрес кезінен бері көмек көрсетіп келеді»: Лаос президенті Тоқаевқа жылы лебізін білдірді
Тхонглун Сисулит Қазақстан Лаосқа мамандар даярлауға көмек көрсететініне ерекше айтты
Лаос президенті Тхонглун Сисулит мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде Қазақстанның көмегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Лаос президенті Тхонглун Сисулит Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды кезеңі екенін атап өтті
«Мен Қазақстанды Орталық Азиядағы Лаоспен әрдайым ізгі әрі орнықты қарым-қатынас жасаған елдердің бірі ретінде қарастырамын. Қазақстан Лаосқа ұлт-азаттық күрес кезінен бері көмек қолын созып, бүгінге дейін қолдау көрсетіп келеді. Әлемдегі ахуал сан мәрте өзгерсе де, Қазақстан мен Лаостың қарым-қатынасы, бауырластық байланыстары және бір-біріне тілеулестігі мүлде өзгерген емес. Бүгінгі сапар екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға және кеңейтуге ықпал етеді», – деді Лаос президенті.
Тхонглун Сисулит Қазақстан Лаосқа мамандар даярлауға көмек көрсететініне баса мән берді.
«Лаостың жүздеген азаматы Қазақстандағы оқу орындарында білім алды. Бүгінде олардың көбі мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте, орталық және жергілікті деңгейде басшылық қызмет атқарады. Отандастарым студенттік жылдарда көмектесіп, қолдау көрсеткені үшін қазақстандықтарды жылылықпен еске алады. Олар қазақстандықтарды Лаоста қарсы алуға да, кездескен жерде ризашылығын білдіруге де дайын екені сөзсіз», – деді Лаос президенті.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос елдің де мүдделі екенін растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.