Шымкентте жастар экологиялық акцияға белсенді қатысты
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық акциясы өтті. Іс-шараны Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аудару, қала аумағының тазалығы мен келбетін сақтау, сондай-ақ жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Іс-шара барысында тұрғындарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға үндейтін жұмыс жүргізіледі. Іс-шара жастардың экологиялық бастамаларға белсенді араласуына мүмкіндік жасап, табиғатты қорғау мен қаланы таза ұстаудың маңызын түсіндіруге бағытталған.
Тазалық жұмыстарына Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 30-ға жуық студенті қатысып, қаладағы саябақтардың аумағын қоқыстан тазартуға және абаттандыру жұмысына белсенді атсалысты. Жастар қоғамдық орындардың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосып, саябақ аумағын ретке келтіру, жиналған қоқыстарды тазалау сияқты жұмысты атқарды. Студенттердің бұл бастамасы қоршаған ортаға ұқыпты қараудың, қоғамдық кеңістіктерді таза ұстаудың және табиғатты аялаудың маңызын насихаттауға бағытталды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және азаматтардың ортақ іске белсенді араласуына бағытталған. Мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қала аумағын таза әрі жайлы ұстауға мүмкіндік береді. Әсіресе жастардың экологиялық акцияларға белсенді қатысуы олардың туған қаласына деген жауапкершілігін арттырып, қоғамдық ортаға жанашырлықпен қарау құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді. Студенттердің тазалық жұмысына атсалысуы – Шымкенттің көркеюі мен тазалығына қосылған маңызды үлестердің бірі.