ШҚО тұрғыны ағасынан қалған «мұраны» сақтаймын деп басы дауға қалды
Ұлан ауданында полицейлер заңсыз қару-жарақ арсеналын анықтады
ШҚО-ның Ұлан ауданында ер адам ағасынан қалған қару мен оқ-дәрілерді сақтаймын деп басы дауға қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, ауылды жерде тұратын 52 жастағы тұрғынның үйін тексеру кезінде полицейлер тұтас бір арсеналды тәркіледі. Оның ішінде тегіс ұңғылы аңшылық мылтықтан жасалған бір ұңғылы кесінді, сигналдық револьвер және 50-ге жуық патрон болған.
Ер адам қару мен оқ-дәрілер оған қайтыс болған ағасынан қалғанын айтқан.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. ШҚО ПД қаруды және оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау және алып жүру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Қару немесе оқ-дәрілер табылған жағдайда оларға қол тигізуге немесе өз бетінше орнын ауыстыруға болмайды. Бұл туралы дереу полицияға хабарлау қажет. Қауіпсіздік заң талаптарын сақтаудан басталады. Кез келген қару заңнамада белгіленген тәртіппен ғана сақталуы және пайдаланылуы тиіс», – делінген ПД хабарламасында.