Астанада Enrique Iglesias-тің концертіне арнайы шаттл-автобустар қатынайды – әкімдік
Арнайы автобустар сағат 16:00-ден бастап қатынайды
Астанада 3 қыркүйек күні сағат 20:00-де әлемге әйгілі әнші Enrique Iglesias-тің концерті өтеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл күні көрерменге қолайлы жағдай жасау және көлік кептелісін азайту үшін арнайы шаттл-автобустар қатынайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арнайы автобустар сағат 16:00-ден бастап қатынап, қаладағы төрт орыннан жолаушыларды «Астана Арена» стадионына жеткізеді. Концерт аяқталғаннан кейін көрермендер осы бағыттар арқылы кері қайтарылады.
Арнайы көліктер мына бағыттар бойынша қатынайды:
- Елорда циркінің жанындағы автотұрақтан;
- «Әзірет Сұлтан» мешітінің жанындағы автотұрақтан;
- Қажымұқан көшесіндегі «Қазақстан» спорт кешенінің жанындағы автотұрақтан;
- «Нұр-Сұлтан» мешітінің (Бас мешіт) жанындағы автотұрақтан.
«Шаттл автобустар концерт басталғанға дейін де, аяқталғаннан кейін де екі бағытта қатынайды. Қосымша шаттл-бағыттардың қатынауы жолдардағы көлік кептелісін азайтып, елорда тұрғындары мен қонақтарының концерт өтетін жерге жайлы әрі қауіпсіз жетуіне мүмкіндік береді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар көрермендер концерт өтетін орынға жылдам әрі ыңғайлы жету үшін «Тарлан Астана» жеңіл рельсті көлік қызметін пайдалана алады.