Қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда 434-бап қолданылады
Қарағанды облысында жыл басынан бері аулада отшашу атқан төрт адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, бірнеше минуттық көңіл көтеру айыппұлға, пиротехниканы тәркілеуге, тіпті әкімшілік қамауға әкелуі мүмкін.
«2026 жылдың басынан бері Қарағанды облысында пиротехниканы пайдалану қағидаларын бұзудың 4 фактісі анықталды. Құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды. Салютті көпқабатты үй ауласында, автотұрақта, тұрғын үйлер мен көліктердің жанында, ағаштар мен электр желілерінің маңында атпаңыз», – делінген ПД хабарламасында.
Құқық қорғау органы тыныштық уақыты жұмыс күндері 22:00-09:00, ал демалыс және мереке күндері 23:00-10:00 екенін еске салды.
«ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша арнайы бөлінбеген орындарда пиротехниканы пайдалану жауапкершілікке әкеледі. Ал қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда 434-бап бойынша, оның ішінде әкімшілік қамау қолданылуы мүмкін», – делінген хабарламада.