Іздеуде жүргендердің бірі Түркияда қолға түсіп, Қазақстанға экстрадицияланды
Қазақстанда маусым-тамыз айларында террористік және экстремистік қылмыстар жасаған 19 адам түрлі мерзімге сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰҚК мәліметінше, олардың бірі – Алматы қаласының тумасы 2017 жылдан бастап халықаралық террористік ұйымдардың іс-әрекетіне қатысқаны үшін іздеуде болып, нәтижесінде Түркиядан табылған. Ол жақтан 2025 жылы елге депортацияланып, қылмыстық іс аясында қамауға алынған. Сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сол сияқты Шымкент қаласының тұрғыны қоғамдық желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарды зорлық-зомбылық акцияларға шақырған. Ол 9 жылға сотталды.
«Осы кезең аралығында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Манғыстау және Түркістан облыстарында жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 28 тұлға ұсталды. Олар терроризмді насихаттаған, діни араздықты қоздырған, интернетте және өздерінің айналасында тыйым салынған материалдарды таратқан және экстремисттік ұйымына қатысқан деген күдікке ілінді. Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөліміне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген ҰҚК хабарламасында.