Алдағы үш күнде 33 градус ыстық болады – ауа райы болжамы
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнгі уақыттағы ауа райы салқын болады
Алдағы үш тәулікте Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық қысымның жоғарылау аймағы қалыптасып, ауа райы негізінен ашық әрі аздаған бұлтты болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» мәліметінше, суық ауа массасының әсері біртіндеп әлсіреуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы күтіледі. Алайда солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнгі уақыттағы ауа райы салқын болады.
«Еліміздің солтүстік-шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың әсерінен кей жерлерде найзағаймен бірге қысқа мерзімді жаңбыр жауып, жел күшейеді», – делінген ауа райы болжамында.
Күндіз ауа температурасының жоғарылауы күтіледі:
- батыста, солтүстік-батыста және оңтүстікте +28…+33°С;
- солтүстікте, шығыста және Қазақстанның орталығында +23…+30°С;
- оңтүстік-шығыста +20…+27°С, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда +10…+15°С.