Олар алдын ала төлем қабылдап, кейін байланысқа шықпай қойған
Ақтөбеде полиция қызметкерлері бірнеше мәрте интернет алаяқтыққа барды деген күдікпен әпкелі-інілі екі тұрғынды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталғандай, күдіктілер танымал интернет платформада пәтерді жалға беру туралы хабарлама жариялаған. Алматы қаласынан «жалға берілетін» пәтердің фотосуреттерін жүктеп, арзан баға ұсынған.
Алматыға жазғы демалыста қыдырып бармақ болған бірнеше ақтөбелік осы жалған хабарламаның құрбаны болған. Қоңырау шалғандарға күдіктілер өздерін «пәтер иелері» ретінде таныстырған. Алдын ала төлемді талап етіп, 10 мыңнан бастап 55 мыңға дейінгі сомада төлемдер аудартқан. Ақшаны алғаннан алаяқтардың әдетіне басып, байланысты тоқтатқан. Қазіргі уақытта төрт жәбірленуші анықталды.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілердің Ақтөбе қаласының екені анықталды. Алаяқтық жасады деп күдікке ілінген 33 жастағы әйел мен 24 жастағы ер адамның туған әпкелі-інілі екені белгілі болды. Полиция бөліміне жеткізілген күдіктілер өз кінәларын мойындады. Алаяқтық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды онлайн платформаларда пәтерді жалға алу кезінде сақ болуға және алдын ала төлем аудармауға шақырады. Алаяқтардан сақ болыңыз», – делінген ПД хабарламасында.