Қазақстанда соңғы екі жылда 54 жаңа кен орны табылды: онда 1 млн тоннаға жуық пайдалы қазба бар

2024-2025 жылдары 54 жаңа кен орны мемлекеттік есепке қойылды

Қазақстанда соңғы екі жылда 54 жаңа кен орны табылды: онда 1 млн тоннаға жуық пайдалы қазба бар
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеу жүйесі жаңғыртылып, нәтижесінде соңғы екі жылда 54 жаңа кен орны ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылы 1:50 000 масштабтағы 20 геологиялық түсірілім жобасы әзірленіп, оларды жүзеге асыру 2026 жылы басталды. Белгілі болғандай, зерттеулер алтын, мыс, полиметалдар, литий және сирек жер металдарын анықтау әлеуеті бар 100 мың км² перспективалы аумақты қамтиды.

«2024-2025 жылдары 54 жаңа кен орны мемлекеттік есепке қойылды. Геологиялық барлау жұмысы алтын, күміс, мыс, хром, темір және фосфорит кендері ресурстарының, сондай-ақ жер асты сулары қорларының өсуін қамтамасыз етті. Жалпы, мемлекеттік есепте пайдалы қазбалардың әртүрлі түрлеріне жататын 10 мыңға жуық кен орны бар. Сирек кездесетін жер металдарының 935,4 мың тонна болжамды ресурсы анықталды. Зерттеулер 11 учаскеде аяқталды. Ең перспективалы учаскелердің бірі – Қарағанды облысындағы Құйректыкөл. Мұнда заманауи жоғары технологиялық өндірістерде сұранысқа ие сирек жер металдары анықталды», – делінген хабарламада.

Сол сияқтыы геологиялық ақпараттың 4,8 млн-нан астам бірлігі цифрландырылды. Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасында 66,1 мың геологиялық есеп және 109,5 мың зерттелу контуры орналастырылды.