Қазығұрт асуында жүк көлігі тіркемесімен бірге өртеніп кетті: қызыл жалын бір гектар аумаққа тараған (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жүк көлігі 22 тонна синтетикалық май тасымалдаған

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысының Қазығұрт асуында жүк көлігі тіркемесімен бірге толығымен өртеніп кетті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазығұрт ауданына қарасты Рабат ауылының маңынан шамамен 8 шақырым жерде Алматы – Термез – Ташкент республикалық маңызы бар жолында тіркемесі бар жүк көлігі мен шамамен бір гектар аумақтағы қурай өртке оранған.

Жүк көлігі 22 тонна синтетикалық май тасымалдаған. Өрт салдарынан көлік пен тіркеме толығымен жанып кеткен. Ал синтетикалық майдың бір бөлігі жолға төгілген.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы ТЖМ бөлімшелері бірлесіп, өртті толықтай сөндірді. Зардап шеккендер жоқ.

«Оқиға орнында жол қызметтері ұзындығы шамамен 500 метр болатын учаскеде синтетикалық майдың төгілуінен болған зардаптарды жою жұмысын жүргізіп жатыр», – деп нақтылады ТЖМ.

Оқиғаның салдарын жоюға ТЖМ-нің 20 қызметкері мен бес техникасы жұмылдырылды.