Ыстық су 7-13 қыркүйек аралығында берілмейді
Орал тұрғындары уақытша ыстық сусыз қалады. 2026 жылғы 7-13 қыркүйек аралығында Орал ЖЭО-ның жылу өндіретін жабдықтары толық тоқтатылады. Бұл туралы «Жайықжылуқуат» АҚ мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы кезеңде ЖЭО-дан қала тұрғындарына ыстық су беру тоқтатылады.
Компанияның мәліметінше, жабдықтарды тоқтату күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында қажет. Станцияда техникалық диагностика және гидравликалық сынақтар жүргізіліп, негізгі және қосалқы жабдықтар тексеріліп, жөнделеді.
Сондай-ақ мамандар алдағы жылыту маусымына жылу желілерін дайындау бойынша қажетті жұмыстарды атқарады.