Қазақстан ауруханаларында инфекция көбейді: ДСМ бақылауды күшейтті

Енді барлық емхана мен клиника қатаң тексеріледі

Қазақстан ауруханаларында инфекция көбейді: ДСМ бақылауды күшейтті
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі меншік нысанына қарамастан, елдегі барлық медициналық ұйым үшін міндетті ішкі инфекциялық аудит енгізеді. Ведомство ауруханалардағы бақылауды күшейтіп, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тиісті бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің мұндай қадамға баруына алаңдатарлық статистика себеп болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір оныншы пациент медициналық көмек алу кезінде инфекция жұқтырады.

Қазақстанда да жағдай күрделеніп отыр: 2025 жылы ауруханаішілік инфекцияларды тіркеу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1,41 есе өскен. Іріңді-септикалық асқынулар көбіне босандыру ұйымдарында тіркеледі.

«Енді ішкі инфекциялық аудит меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау жүйесінің міндетті бөлігіне айналады. Оның басты міндеті – салдармен күресу емес, қауіптің алдын алу: заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау, олардың туындау себептерін жою және инфекцияның қайталануына жол бермеу», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Ішкі аудит аясында медициналық мекемелер қызметкерлердің қол гигиенасын сақтауын, құралдарды зарарсыздандыру сапасын, жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануын, хирургиялық процедуралардың қауіпсіздігін және қалдықтарды жою тәртібін жүйелі түрде бақылайды.

Дәрі-дәрмекке төзімді микроорганизмдермен күреске ерекше назар аударылады. Егер комиссия заңбұзушылықтарды анықтаса, клиника үшін нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар көрсетілген түзету шараларының жоспары әзірленеді.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ережелер инфекция жұқтыру қаупін азайтуға, ауруханада жату мерзімін қысқартуға және қазақстандықтардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.