Алматы облысында МӘМС қаражатын жымқыру фактісі анықталды
Алматы облысында екі стоматологиялық клиниканың басшысы МӘМС қаражатын заңсыз иемденгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысы прокуратурасының тексеруі нәтижесінде жалған медициналық қызметтер көрсету арқылы 65,9 млн теңге заңсыз алынғаны белгілі болды.
«Екі жеке стоматологиялық клиниканың басшысы пациенттердің дербес деректерін пайдаланып, медициналық ақпараттық жүйеге туа біткен патологиясы бар балаларға көрсетілмеген ортодонтиялық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізген. Соның негізінде МӘСҚ қорының қаражатынан заңсыз төлемдер жүргізілген», – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық тексеру материалдары бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен қылмыстық іс тіркелді. Сот үкімімен кінәлі тұлға сотталып, мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.