«Таза Қазақстан»: Шымкентте экологиялық нуқандар жүйелі түрде өтіп жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Қалада көгалдандыру жұмыстары да үздіксіз жүреді

Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен орындалып жатқан жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 2026 жылы елдің бірнеше өңірінде, сондай-ақ Шымкент қаласында жалғасын тауып келеді, деп жазады Azattyq Rýhy 

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, қала бойынша бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше деңгейде кәсіпорындарды экологиялық бақылаудан бастап, тұрғын үй аулаларындағы қалдықтарды сұрыптаудан өтіп, жасыл желектендіру жұмыстарына дейін қатар жүріп жатыр.

Шымкент қаласы экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Дүйсен Құлтілеуовтің мәліметінше, қаладағы ірі кәсіпорындарда экологиялық ахуалды бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілген, ол арқылы ауаны ластау көрсеткіштеріне онлайн режимде бақыланады.

Департамент басшысы заң талаптарын бұзған бірқатар кәсіпорынның жұмысын тоқтатқанын да мәлімдеді. Бұл қала әкімшілігінің экологиялық заңнаманы сақтауды қатаң қадағалап отырғанын көрсетеді.

Қалдықтарды басқару бағытында қала «Таза үй – таза ел» жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба алғаш рет 2026 жылғы 19 қаңтарда Астанада пилоттық түрде іске қосылып, кейін Шымкентке де кезең-кезеңімен таралды. Жобаның аясында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына пластик, қағаз-картон, әйнек және металл қалдықтарын бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылып жатыр.

Жиналған қайталама шикізат қайта өңдеу кәсіпорындарына жіберіліп, одан түскен қаражат тұрғындардың жеке шотына емес, мүлік иелері бірлестігінің шотына аударылады. Бұл қаражат кейін аулаларды көгалдандыруға, сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңартуға және балалар ойын алаңдарын жөндеуге жұмсалады.

Тұрғындар мен жастарды бағдарламаға тарту мақсатында қала бойынша бірнеше ағарту іс-шарасы өткізілді. Абай саябағында өткен «Таза Шымкент – қалдықсыз қала» атты кездесуге ASAA жастар қоғамдық бірлестігі қатысып, шамамен 200 іріктеуден өткен еріктіден тұратын команданың жұмысын таныстырды. Эко-тренер Владислав Голярко қатысушыларға қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызы туралы танымдық сабақ өткізді, ал іс-шара соңында еріктілер саябақта тазалық сенбілігін ұйымдастырды. Осыған қоса, республикалық деңгейде ЮНИСЕФ қолдауымен «Мөлдір бұлақ» акциясы жүргізіліп жатыр — оның аясында 19 жоғары оқу орнында, 100 колледжде және 2,5 мың мектепте эко-сабақтар өтіп, «Адал азамат» бағдарламасы аясында республика бойынша 35,5 мың студент пен 3,3 миллион оқушы қамтылды.

Қала әкімдігінің ресми ақпаратына сәйкес, Шымкентте көгалдандыру жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп жатыр. Орманшы шағын ауданында орналасқан, жалпы ауданы 12 гектарды құрайтын «Тұқымбақ» питомнигінде ауқымды сенбілік өткізіліп, оған қаланың бес ауданынан 100-ден астам коммуналдық қызметкер қатысты.

Іс-шара барысында өскен арам шөп шабылып, ағаштарға кесу жұмыстары жүргізіліп, аумақ тазаланды. Питомникте күн сайын 35 жұмысшы суару, күтім жасау және топырақ қопсыту жұмыстарымен айналысады, ал мұнда өсірілген көшеттер кейін қала көшелеріне, саябақтарға және гүлзарларға отырғызылады.

«Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Ербол Есіркеповтің айтуынша, питомникте жұмыс жыл бойы үздіксіз жүреді, жылына шамамен 20 рет топырақ қопсытылады, себебі суармалы жер болғандықтан арам шөп тез өсіп кетеді.

Питомниктегі жұмыспен қатар қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған тағы бір экологиялық акция өтті. Оған 14-35 жас аралығындағы 40 еріктісі мектеп оқушылары, колледж пен жоғары оқу орындарының студенттері, жас мамандар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараның басында Қазақстан халқы Ассамблеясы, полиция департаменті, прокуратура және экология қызметтерінің өкілдері жастармен кездесіп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, қоғамдық тәртіпті сақтаудың және табиғатқа ұқыпты қараудың маңызы туралы айтты. Кездесуден кейін еріктілер Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының маңы мен Абай атындағы саябақ аумағын тазалау жұмыстарын жүргізді.

Жалпы алғанда, қала әкімдігі мен басқа да ресми дереккөздер Шымкенттегі жастардың қоғамдық белсенділігін жоғары бағалайды: жастар экологиялық акцияларға, еріктілер жобаларына және әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға тұрақты түрде қатысып, азаматтық жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетіп келеді. Мамандардың пікірінше, мұндай бірлескен акциялар тек қалалардың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, сонымен қатар қоғамдық бірлік пен өзара жауапкершілікті нығайтуға да ықпал етеді.

Осылайша, Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы бірнеше бағытта кәсіпорындарды экологиялық бақылау, қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеу, тұрғындар мен жастарды ағарту, сондай-ақ қаланың жасыл желектендіру инфрақұрылымын дамыту арқылы — жүзеге асырылып жатыр. Атқарылған жұмыстар қала әкімдігінің осы бағыттағы жүйелі және үздіксіз жұмыс істеп жатқанын көрсетеді, ал жастардың белсенді қатысуы бағдарламаның ұзақ мерзімді әлеуметтік әсерін нығайтуға негіз болып отыр.