Ол сот үкімімен 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе облысының 40 жастағы тұрғыны мемлекеттен заңсыз түрде 158 млн теңге субсидия алғаны үшін сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, әйел іс жүзінде бес ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін (АШӨК) басқарған. Алайда құжат бойынша кооперативтерді басқа адамдар басқарған болып көрсетілген.
Ол ветеринар маманнан «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасына малды, соның ішінде асылтұқымды бұқаларды тіркеуді сұраған. Шын мәнінде, аталған бұқалар әйелде болмаған. Алайда ветеринар оның сөзіне сеніп, малды базаға тіркеген.
Осыдан кейін сотталушы жалған мәліметтер негізінде мемлекеттен субсидия алуға өтінім берген. Нәтижесінде ол мемлекеттен жалпы сомасы 158 млн теңге болатын субсидияны заңсыз алған.
Алаяқтық фактісін мемлекеттік аудит анықтаған. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы алаяқтық жасады деген айыппен сот алдына келді. Ол өз кінәсін мойындап, сот үкімі шыққанға дейін мемлекетке 158 млн теңгенің 15 млн теңгесін қайтарған.
Сот әйелді кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда оның үш кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде үш жастағы баласы бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді кейінге қалдырды.
Сонымен қатар сотталған әйелге мемлекетке келтірілген залалды өтеу міндеттелді.