Алматыда самокат айдаған ер адам бордюрге соғылып, көз жұмды

Автор: Дәулет Ботагөз

44 жастағы алматылық тұрғын электрлі самокатпен келе жатып, рөлге ие бола алмай қалған

Фото: © istockphoto.com

Алматыда түнде болған қайғылы оқиға салдарынан электрлі самокат тізгіндеген ер адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Варламов көшесінің бойында, Төле би даңғылына жақын жерде болған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, 44 жастағы алматылық тұрғын электрлі самокатпен келе жатып, рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан бордюрге соғылып, жерге құлаған. Алған ауыр жарақаттарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.

«Оқиға орнына дәрігерлер дерау жетті. Көрсетілген медициналық көмек пен реанимациялық әрекеттерге қарамастан, зардап шегушіні аман алып қалу мүмкін болмады», — деп хабарлады полиция өкілдері.

Алдын ала ақпарат бойынша, ер адамның басында шлем және өзге де жеке қорғаныс құралдары болмаған. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.