Ер адамның өзін полиция қызметкерлері өндірістік база аумағынан тапқан
Алматы облысында ер адам ұлына да, полицияға сенбей, өзіне хабарласқан алаяққа 13 млн теңгесін аударып жібере жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері ер адаммен байланысуға тырысқанымен, ол тіпті отбасы мүшелерінің қоңырауларына да жауап бермеген. Осыдан кейін киберполиция қызметкерлері оның жұбайы мен балаларын тауып, жағдайды түсіндірген. Туыстарына дереу банктерге хабарласып, несие рәсімдеуге жасалған ықтимал әрекет туралы хабарлау ұсынылды. Нәтижесінде банктер несие беруден бас тартып, бұл ірі көлемдегі қаржылық шығынның алдын алуға мүмкіндік берді.
Ер адамның өзін полиция қызметкерлері өндірістік база аумағынан тапқан. Оған жағдайды бірнеше рет түсіндіруге тырысқанымен, ол белгісіз адамдарға сенуін тоқтатпай, бастапқыда полиция қызметкерлеріне де, тіпті өз ұлына да сенбеген. Тек ер адам 13 миллион теңгеден астам несие рәсімдеп, бұл қаражатты алаяқтарға беруге шақ қалғанын түсінгеннен кейін ғана болған жағдайдың қаншалықты маңызды екенін ұққан.
Бұл жағдай қаскөйлердің өз құрбандарына қаншалықты күшті психологиялық ықпал ете алатынын тағы бір мәрте көрсетеді. Олар азаматтарды жақындарынан және құқық қорғау органдарынан оқшаулап, өздерінің барлық нұсқауын орындауға мәжбүрлейді. Полицияның атап өтуінше, күдікті қоңырауларды жедел анықтау қылмысқа дер кезінде араласып, оның алдын алуға мүмкіндік береді.
Тек бір тәуліктің ішінде Алматы облысында аталған жүйенің жұмысы нәтижесінде интернет-алаяқтықтың 13 фактісінің жолы кесілді.