Құтқарушылар Терешкова шыңынан екі қызды эвакуациялады
Алматы тауларына серуендеп шыққан екі бойжеткен қиын жағдайда қалды. ҚР ТЖМ мәліметінше, екі қыз Терешкова шыңының 3 445 метр биіктіктегі аумағына көтерілген. Алайда тас көшкініне байланысты өздігінен төмен түсе алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға туралы ақпарат «109» пультіне түскен. Оларға Алматы қаласы әкімдігінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары көмекке шықты. Құтқарушылар қыздармен визуалды байланыс орнатып, түнде олардың орналасқан жеріне жетті.
Қыздарға медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар қауіпсіз түсуін ұйымдастырып, таңертең экологиялық бекетке дейін жеткізді. Сол жерде оларды туыстарына тапсырды.
«ТЖМ тауға шығатын азаматтарға маршрутты алдын ала зерттеуді, ауа райын ескеруді және дайындық деңгейін объективті бағалауды ұсынады. Жаныңызда қуаты жеткілікті телефон, байланыс құралдары мен қажетті жабдық болсын. Төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарласыңыз», – делінген хабарламада.