Құрылтай Үкіметке сенімсіздік білдіріп, бюджетті бекіте алады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Одан бөлек, депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады

Фото: parlam.kz

Құрылтайдың бірінші сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заң шығарушы органның мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі күшейетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Себебі Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы депутаттардың сот билігі мен Үкіметке қатысты бірқатар өкілеттікке ие болғанын атап өтті.

«Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген», – деді Президент.

Тоқаев Құрылтайдың республикалық бюджетті бекітуге, Үкіметке сенімсіздік білдіруге және бірқатар лауазымды тұлғалардың қызметіне қатысты шешім қабылдауға құзыреті бар екенін айтты.

«Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді. Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.