Павлодар тұрғыны 1 млн теңгеге жуық қарызы үшін Range Rover көлігінен айырылып қалды
Аймақта полиция берешекті өндіріп алу бойынша рейд жүргізіп жатыр
Павлодар облысында полицейлер берешегі бар азаматтарды анықтау және қарыздарын өндіріп алу бойынша рейд жүргізіп жатыр. Оның барысында облыс тұрғыны қарызы үшін Range Rover көлігінен айырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ПД-ға сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдегендей, Павлодар облысының аумағында жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және берешегі бар азаматтарды жауапкершілікке тарту мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
«Мысалы, облыс орталығында «КамАЗ» және Range Rover автокөліктері арнайы тұраққа қойылды. Олардың иелеріне қатысты тыйым салу шаралары қолданылған және түрлі берешектері бар: «КамАЗ» иесінің жалпы қарызы 2 миллиард теңгеден асады, ал Range Rover иесінің берешегі 935 мың теңгеден астам. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды. Иелері барлық берешегін өтегеннен кейін көліктерін алып кете алады», – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Тимур Хисматуллин.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы тәртібін қатаң сақтауға шақырып, мүліктің тәркіленуіне жол бермеу үшін азаматтарға берешектерін уақытылы өтеуді ұсынды.