«Әкімдік тарифті көтеріңдер деді»: Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта үйдің бұрынғы басқарушысы жауап берді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Гүлжауһар Ахметова үйді басқару құқығын күдікті Сәуле Жұбаниязоваға 2025 жылы берген

Фото: Сот отырысынан скриншот

Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында осы үйдің бұрынғы басқарушысы Гүлжауһар Ахметова куәлік берді. Ол тұрғындардан ғимарат қабырғасындағы жарықтарға қатысты бірнеше шағым түскенін айтты. Кейбір тұрғындар бұл мәселені Ахметова үйді басқаруға кіріспей тұрып көтерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Үйді басқаруға кіріскен кезде шатырды жөндедік. Сол кезде қабырғадағы жарықтарды көрдік. Ғимараттың шеткі бөлігіне қатысты шағым болғандықтан, өндірістік альпинистерге сол жерді де қарап шығуды тапсырдым», – деді Гүлжауһар Ахметова.

Куәгер үйді басқару құқығы істегі жалғыз күдікті Сауле Жұбаниязоваға 2025 жылы берілген дейді. Оның сөзінше, Жұбаниязованы бұл жұмысқа бухгалтерлік тәжірибесі болғаны және мүлік иелерінің бірлестігінің жұмысынан хабардар болғаны үшін лайықты кандидат деп санаған.

«Өзі бухгалтер болып жұмыс істеген. Оның үстіне әпкесі мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасы болғанын айтты. Бұл ұйымның жұмысын біледі, сондықтан үйді басқаруды алып, қалыпты жұмыс істеп кетеді деп ойладым», – деді ол.

Ахметованың айтуынша, екі ғимараттың арасындағы профлистпен жабылған шатыр шамамен 2015 жылы салынған. Ал үйді басқарған бұрынғы мүлік иелерінің бірлестігі 2019 жылы жұмысын бастаған. Оның сөзінше, үйді жөндеу мәселесі бойынша әкімдікке де бірнеше рет барған. Алайда жөндеу жұмыстарын тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүргізу немесе қызмет көрсету тарифін көтеру ұсынылған.

«Біз үйді жөндеу мәселесімен әкімдікке бардық. Олар жұмысты өз күшімізбен жасауымызды айтты. Қаражатымыз жетпейтінін жеткіздім. Ал олар тарифті көтеруді ұсынды», – деді куәгер.

Куәгердің айтуынша, сол кезде қабырғадағы кірпіштер сырт көзге қалыпты болып көрінген. Кейін ғимараттың іргетасы үгітіле бастағаны байқалған. Оның пікірінше, бұл жерге жөндеу қажет болған.

2021 жылы қабырға жөнделген кезде оның қалған бөліктері де қосымша тексерілген. Сол кезде кірпіштердің құлауына негіз жоқ деген қорытынды жасалған. Ахметова бұрынғы мүлік иелерінің бірлестігі қазіргі күдікті болып отырған ұйымға қабырғадағы жарықтар туралы ресми түрде хабарламағанын да айтты.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің қасбеті кондиционермен бірге опырылып түскен. Салдарынан бес адам зардап шегіп, жедел жәрдем шақыртуымен барған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан.