Орын сұраған қыз баланы қылқындырған: Алматыда орта жастан асқан ер адам 10 күнге қамалды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жанжал шамамен сағат 18:00-де №227 автобуста болған

Фото: Видеодан скрин

Алматыда №227 автобусының жолаушысы орта жастан асқан ер адамның өзіне шабуыл жасағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, орнынан қозғалуын сұрағаннан кейін ер адам қыздың мойнынан ұстап, қылқындыра бастаған. Оқиға туралы бойжеткен Threads желісінде жазба жариялаған. Жанжал шамамен сағат 18:00-де №227 автобуста болған. Қыз артқы орындыққа отырып, ер адамнан жылжып, бір орын босатуын сұраған.

«№227 автобуста, мемлекеттік нөмірі 647CJ02, шамамен сағат 18:00-де орта жасты алқымдаған ер адам мені қылқындыра бастады. Мен Сейфуллин/Шолохов аялдамасынан автобусқа отырып, артқы орындыққа жайғастым да, одан жылжып, бір орын босатуын сұрадым. Алайда ол еш ескертпестен, кенеттен мені тұншықтыра бастады. Одан әрең дегенде босап шығуға тырысып, оны итеріп, теуіп, жанымдағы ер адамның көмегімен басқа орынға ауыстым. Мына ер адамға назар аударып, сақ болуды сұраймын», – деп жазды қыз.

Жолаушының сөзінше, жанында отырған ер адам көмекке келгеннен кейін ғана ол шабуыл жасаған адамнан құтылған.

Алматы қаласының полиция департаменті аталған факті бойынша тексеру жүргізіп, оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталғанын хабарлады.

«Тексеру нәтижесінде құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», – деп хабарлады полиция.

Ведомство қоғамдық тәртіп нормаларын сақтап, айналадағы адамдарға құрметпен қарау қажеттігін еске салды.