Леңгірде түнгі уақытта тұрғын үйге басып кіріп, иесін бірнеше сағат азаптаған екі адам қолға түсті (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Күдікті ретінде Төлеби ауданының екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынды

Фото: Видеодан скрин

Леңгірде түнгі уақытта белгісіз екі адам жергілікті тұрғынның үйіне заңсыз кіріп, соққыға жыққаннан кейін телефонын алып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған болатын.

Тәжірибелі криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізіп, күдіктілердің жеке басын және олардың орналасқан жерін анықтады.

«Күдікті ретінде Төлеби ауданының екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген ПД хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысында бетперде таққан бірнеше адам тұрғын үйге басып кіріп, иесін бірнеше сағат азаптағаны хабарланған.