Байзақованың айтуынша, сол күні оқиға орнына фельдшерлер алдымен жетіп, құтқару қызметі олардан кейін келген
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта оның әріптесі Ділназ Байзақова куәлік берді. Байзақова 2025 жылғы 8 қарашада Ұлданамен бірге 72-бригада құрамында кезекшілікте болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сол күні демалыстан шығып, Ұлданамен бірге кезекшілікке шықтым. Таңертең бірінші шақыртуға бардық. Кейін станцияға қайтып келіп, таңғы ас іштік. Содан кейін Ұлдана жедел шақырту түскенін, қабырға құлағанын айтты», - деді әріптесі.
Байзақова оқиға орнына барған кезде дүкенге кіріп, кейін қосалқы есік арқылы үйіндіге шыққандарын айтты. Үйінді арасында әйел мен ер адам жатқан. Фельдшерлер оларды сүйеп, дүкен ішіне шығаруға тырысқан. Куәгердің айтуынша, медицина қызметкерлері үйіндіге жақындаудың қауіпті екенін түсінген, бірақ оқиға орнында болған тұрғындар олардан зардап шеккендерге көмектесуді талап еткен.
«Бір кезде біздің үстімізге бір нәрсе құлады. Ауырғанынан кірпіш деп топшыладым. Тұрсам, Ұлдана етпетінен жатыр екен. Оны көтерген кезде құлағы мен мұрнынан қан фонтанша атқылап жатты. Артымыздан келген бригада Ұлдананы алып кетті, мен өзім қалып, жарақат алғандарға көмектесуге тырыстым», - деді ол.
Куәгердің өзі де сол оқиғада жарақат алған. Ол кейін есінен танып қалғанын, дәрігерлер оған ми шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты және амнезия диагнозын қойғанын айтты. Байзақова оқиға орнында техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын да мойындады, алайда үстіне нақты қандай құрылымның құлағанын анық айта алмады.
Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған. Оқиға кезінде жалпы бес адам түрлі жарақат алған.