«1 млн-нан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды»: Тоқаев білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артқанын айтты

Автор: Асыл Арман

Президент өңірлердегі сұранысқа сай жаңа оқу орындарын салуды тапсырды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйлеп, мектеп салу мәселесі жайлы айтып өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды. Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады.Соңғы жеті жылда бұл салаға бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті. Кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды», – дейді президент.

Сөзін жалғай отырып, осыдан екі жыл бұрын «Келешек мектептері» жобасы бастау алғанын, оның аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынғанын тілге тиек етті.

«Заманауи мектептердің жаңа стандарты пайда болды десек, артық болмайды. Алайда, біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет», – дейді мемлекет басшысы.