Орал тұрғыны әлеуметтік желіде боқтаған видеосы тарағаны үшін қамауға алынды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол – Орал қаласының 30 жастағы тұрғыны Асхат Құмаров болып шықты

Фото: Видеодан скрин

Орал тұрғыны әлеуметтік желіде боқтаған видеосы тарағаны үшін алдағы 5 күнін қамауда өткізетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында бейәдеп сөздер мен өзге азаматтарға қатысты балағат сөздер айтылған бейнежазбаны анықтады.

Жүргізілген іс-шаралар барысында бейнежазбаның авторы анықталды. Ол – Орал қаласының 30 жастағы тұрғыны Асхат Құмаров болып шықты.

«Сот шешімімен құқық бұзушы 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Тәртіп сақшылары интернет-кеңістігінде құқық бұзушылықты анықтау және жолын кесу мақсатында ұдайы түрде мониторинг жүргізілетінін, заң талаптарын бұзған адамдар міндетті түрде жауапқа тартылатынын еске салады», – делінген хабарламада.