Оңтүстік өңірлерде ауа райы 37 градус жылы болады
Солтүстік циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар еліміздің басым бөлігінде жаңбырлы ауа райын қалыптастырады. Найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жекелеген аудандарда қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. «Қазгидромет» РМК алдағы үш күнге арнап осындай ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің батысында Скандинавия антициклонының әсерінен бұлтсыз ауа райы қалыптасады. Антициклон шығыс бағытқа қарай жылжуына байланысты жауын-шашынсыз ауа райы қалыптасады.
«Ауа температурасының күндіз айтарлықтай төмендеуі күтіледі: батыста +16…+24 °C, солтүстікте +12…+20 °C, орталықта +17…+25 °C дейін. Ал шығыста ауа температурасы +23…+30 °C дейін жоғарылайды», – делінген синоптиктер болжамында.
Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы жылы ауа массасының ықпалында қалады. Бұл өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы сақталып, күндіз ауа температурасы +30…+37 °C аралығында болады.