Қазақстандықтар Қытайда, ал қытайлықтар Қазақстанда өз жүргізуші куәлігімен көлік жүргізуі мүмкін

Автор: Асқарова Қарлығаш

ІІМ Қазақстан мен Қытай арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісім жобасын әзірледі

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Қазақстан мен Қытай азаматтарына екі елде де көлік жүргізуді жеңілдететін жаңа келісім ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігі Қазақстан мен Қытай арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім жасау жөнінде Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 30 тамызға дейін көпшілік талқылауына шығарылған.

Жоба қабылданса, Қазақстан мен Қытай азаматтары қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәлігімен екінші елде жеңіл автокөлік жүргізе алады. Бұл үшін тиісті талаптарды сақтау қажет. Куәлікті айырбастау кезінде азаматтарға қайта оқып, емтихан тапсырудың қажеті болмайды. Алайда рәсім құжат айырбасталатын елдің заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Жаңа тәртіп екі елде тұрақты тұратын азаматтарға ғана емес, Қазақстанға немесе Қытайға уақытша келген адамдарға да қатысты болады.

Ішкі істер министрлігі бұл келісім жүргізуші куәлігін мойындату мен айырбастау кезіндегі артық рәсімдерді азайтып, екі ел арасындағы сапарларды жеңілдетеді деп есептейді. Сондай-ақ бастама көлік қатынасын, туризм мен іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етпек.