Ұлдана Мырзуан ісі: адвокат қосымша тергеу жүргізуді сұрады
Ал сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты
Ұлдана Мырзуанның қазасына байланысты сот отырысында МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Дәурен Есламбекұлы қылмыстық істі заң бұзушылықтарды жою және қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтаруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қорғаушының пікірінше, іс материалдарында күдіктінің әрекеті немесе әрекетсіздігі мен туындаған салдар арасындағы себеп-салдарлық байланысты қосымша анықтау қажет.
«Соттан осы өтінішті қанағаттандырып, қылмыстық істі қылмыстық-процестік заңнамадағы елеулі бұзушылықтарды жою және қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтаруды сұраймын. Сонымен қатар Жұбаниязованың әрекеті мен әрекетсіздігі және одан туындаған салдар арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау бағытында тергеудің толық жүргізілмеуіне қатысты кемшіліктерді жоюды сұраймын», – деді ол.
Адвокаттың айтуынша, техникалық және қаржылық құжаттарды сұрату, ғимараттың жағдайына бұрын жауапты болған тұлғаларды анықтап, олардан жауап алу, нысанның қазіргі жай-күйін зерттеу, сондай-ақ қосымша құрылыс-техникалық және қаржылық-экономикалық сараптамалар жүргізу қажет.
Прокурор Саяжан Серикова қорғау тарапының өтінішіне қарсылық білдірді. Оның айтуынша, сот әзірге қылмыстық іс материалдарын зерттеуге кіріскен жоқ, қазір жәбірленушілерден жауап алу кезеңінде. Алайда, сот МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі ҚР ҚПК-нің 323-бабы тәртібімен прокурорға қайтару туралы қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырған жоқ. Қорғау тарапы өз өтінішін бірқатар сараптама жүргізу, қосымша мәліметтерді сұрату, куәлардан жауап алу және Жұбаниязоваға тағылған айыптың шегін нақтылау қажеттігімен негіздеген.
Алайда сот қорғау тарапының уәждерімен келіспеді.
«Қылмыстық-процестік заңнамадағы елеулі бұзушылықтарды жою сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз етумен байланысты болмауға тиіс», – делінген сот қаулысында.
Соттың мәліметінше, 323-бапта істі прокурорға қайтару сотқа дейінгі тергеуді қайта жүргізу үшін емес, нақты процестік немесе құқықтық кедергілерді жою мақсатында көзделген.
Атап айтқанда, мұндай негіздерге қорғау құқығының бұзылуы немесе айыптау құжатындағы жоюға келмейтін қателер жатуы мүмкін. Бұл жағдайда сот қылмыстық істі прокурорға қайтаруға негіз таппаған. Осыған байланысты қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды.