Қазақстанда жасанды интеллект барлық негізгі салаға енгізіледі: Үкімет жоспарын бекітті

Автор: Azattyq Rýhy

Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру жоспары білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтер, бизнес, көлік, энергетика және басқа да салаларды цифрландыруды көздейді

Фото: istockphoto.com

2029 жылға қарай мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары түлектерінің кемінде 80%-ы жасанды интеллектінің базалық дағдыларын меңгеруі, ал мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау көрсету уақыты кемінде 50%-ға қысқаруы тиіс, передает Azattyq Rýhy.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізудің 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» Жарлығын іске асыру аясында Үкімет Іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жоспар цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізудің үш негізгі бағытын қамтиды: азаматтардың, бизнес пен экономиканың мүддесі үшін, сондай-ақ мемлекеттік аппаратта.

Білім беру саласына ЖИ жаппай енгізіледі

Жоспардың негізгі басымдықтарының бірі – білім берудің барлық деңгейіне жасанды интеллектіні жаппай енгізу.

AI-SANA бағдарламасын кеңейту аясында 2029 жылға қарай мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары түлектерінің кемінде 80%-ы ЖИ-дің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс.

Сонымен қатар студенттерді тереңдетіп даярлау және педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары кеңейтіледі. 2028 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ы білім беру процестеріне жасанды интеллект технологияларын енгізіп, бағдарламаларын экономика қажеттіліктеріне сәйкес жаңартады.

Денсаулық сақтау цифрлық форматқа көшеді

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру деректерді басқарудың бірыңғай жүйесіне көшуге және азаматтардың медициналық ұйымдарға тікелей жүгіну қажеттілігін азайтатын сервистерді кеңінен пайдалануға бағытталады.

2029 жылға қарай медициналық self-service сервистерін пайдаланатын азаматтардың санын едәуір арттыру, нақты уақыт режимінде деректер алмасатын бірыңғай цифрлық контурға көбірек медициналық ұйымды біріктіру және клиникалық шешімдер қабылдау кезінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейту жоспарланып отыр.

Қалаларда интеллектуалды жүйелер көбейеді

Жоспардың жеке бағыты қалалық ортаның қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға арналған.

Өңірлерде интеллектуалды мониторинг және талдау жүйелерін қоса алғанда, AI Native cities шешімдерін енгізу жалғасады. Олар оқиғаларға жеделірек әрекет етуге, қауіпсіздік қызметтерінің тиімділігін арттыруға және ЖИ негізіндегі басқару мен мониторинг платформалары арқылы ірі қалалардағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметтерді алу уақыты қысқарады

Мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау саласында азаматтардың уақытын және қажетті әрекеттер санын қысқартуға басымдық беріледі.

Жоспарда жасанды интеллектіні, проактивті сервистерді, автоматты түрде қол қоюды және процестерді автоматтандыруды кеңінен қолдану көзделген.

2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету уақыты кемінде 50%-ға қысқаруы тиіс.

Энергетика мен құрылыс та цифрланады

Бизнес пен экономиканың мүддесі үшін цифрлық трансформация энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және агроөнеркәсіптік кешен секілді негізгі салаларды қамтиды.

Отын-энергетика кешенінде 2029 жылға қарай активтердің кемінде 70%-ын цифрлық мониторингке қосу жоспарланып отыр. Бұл олардың жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға және сенімділікке төнетін тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар энергия ресурстарының қозғалысын бастан-аяқ цифрлық бақылау жүйесі кеңейтіледі.

Құрылыс саласында цифрлық тәсіл нысандардың жобалануынан бастап пайдалануға берілуіне дейінгі бүкіл өмірлік циклін қамтиды. 2029 жылға қарай техникалық күрделі жаңа нысандардың 100%-ын бірыңғай цифрлық контурда сүйемелдеу жоспарланған.

Жүктердің қозғалысы толық бақылауда болады

Көлік және логистика саласындағы цифрландыру жүктердің бүкіл қозғалыс бағытын – өткізу пункттерінен бастап негізгі көлік дәліздері мен мультимодальды тораптарға дейін қамтиды.

Негізгі міндеттердің бірі – жүк автокөлігінің басым өткізу пункттері арқылы өту уақытын қысқарту. Бұл үшін тасымал туралы деректерді алдын ала алуға және өңдеуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ қолмен орындалатын операциялар санын азайтатын цифрлық құралдарды қолдану кеңейтіледі.

Smart Cargo-ны дамыту аясында басым жүк тасымалдары цифрлық паспортпен және бүкіл маршрут бойынша трекинг жүйесімен сүйемелденеді. Бұл жүктің қозғалысын толық бақылауға және логистикалық процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар негізгі көлік дәліздері, өткізу пункттері мен мультимодальды тораптар интеллектуалды көлік аналитикасымен қамтылады. Бұл инфрақұрылымның жүктемесін жедел бағалауға, көлік ағындарын басқаруға және «тар орындар» пайда болған кезде шешімдерді жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығына цифрлық шешімдер енгізіледі

АӨК-тегі цифрлық шешімдер ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тиімділігін арттыруға және заманауи басқару құралдарына қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталады.

Шағын және орта бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайтуға және цифрлық шешімдерді нысаналы түрде енгізуге басымдық беріледі.

Кәсіпорындар цифрлық жетілу деңгейін бағалаудан өтіп, цифрландыру бойынша жеке жол карталарын ала алады. Цифрлық комплаенс пен тәуекелге бағдарланған қадағалауды қолдану тәуекел деңгейі төмен ШОБ субъектілерін физикалық тексеру санын азайтуға мүмкіндік береді.

Салық әкімшілендіруі автоматтандырылады

Салық саласында салықтық әкімшілендірудің интеллектуалды моделіне көшу көзделіп отыр. Бұл ретте процестердің едәуір бөлігі салық төлеушінің қосымша қатысуынсыз автоматты түрде жүзеге асырылады.

Мұндай тәсіл «көзге көрінбейтін» салықтық әкімшілендіруді қалыптастыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған.

Банктердің 80%-ы цифрлық жүйеге қосылады

Жоспардың жеке бөлігі қаржы секторын, екінші деңгейдегі банктер мен квазимемлекеттік компанияларды цифрлық трансформациялауға арналған.

2028 жылға қарай екінші деңгейдегі банктердің кемінде 80%-ын ақпаратпен қауіпсіз алмасудың цифрлық жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Жеке тұлғаларға өнім ұсынатын және Бірыңғай цифрлық платформаға қосылған қаржы ұйымдары үшін де осындай көрсеткіш көзделген.

Квазимемлекеттік секторда цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу нақты экономикалық нәтиже беруі тиіс.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ портфельдік компанияларында цифрлық және AI-бастамалардың EBITDA өсіміне қосатын үлесін жылына 5%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-да 2029 жылға қарай инвестициялық жобалардың 100%-ын AI-мониторингпен қамту көзделген.

IT қызметтерінің экспорты 50%-ға артады

Жоспардың тағы бір бағыты – отандық IT-индустрияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оның сыртқы нарықтардағы үлесін кеңейту.

2029 жылға қарай IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортының көлемін кемінде 50%-ға ұлғайту жоспарланып отыр.

Жаңа технологиялық экономиканы қалыптастыру үшін робототехника саласындағы өңірлік құзыреттер орталықтарын дамыту және коммерциялық жобаларды іске асыратын отандық интеграторларды қолдау көзделген.

Қазақстанда «ДӨО алқабы» дамытылады

Цифрлық инфрақұрылымды дамытуда «ДӨО алқабына» маңызды рөл беріледі.

Жоба Қазақстанға жаһандық технологиялық және бұлтты технологиялар саласындағы серіктестерді тартуға, заманауи есептеу қуаттарын орналастыруға және жасанды интеллектіні ауқымды енгізу үшін қажетті база құруға бағытталған.

Бұл ел ішінде деректерді өңдеу мен сақтау мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа AI-сервистерді іске қосуға және отандық цифрлық индустрияны дамытуға мүмкіндік береді.

Киберқауіпсіздік талаптары күшейтіледі

Цифрлық мемлекетті дамыту киберқауіпсіздік талаптарын күшейтумен қатар жүреді.

Жоспарда мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін арттыру, кибермәдениетті дамыту және халықтың цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану жөніндегі хабардарлығын арттыру көзделген.

«Цифрлық үкімет» нысандары азаматтарға өздерінің дербес ақпаратын пайдалануды неғұрлым ашық бақылауға мүмкіндік беретін «Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау» сервисіне қосылады.