Астанада әкімшілік ғимаратқа кіреберісте шалбарын шешкен: зейнеткерге қатысты сот шешімі шықты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ

Фото: Видеодан скрин

Астанадағы әкімшілік ғимараттардың бірінде металл іздегіштен өту кезінде шалбарын шешкен 68 жастағы ер адамға қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана соттарының мәліметінше, 24 тамызда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сот Ж.-ға қатысты ұсақ бұзақылық туралы әкімшілік істі қараған.

«24 тамыз күні сағат 09:28 шамасында Ж. Астанадағы Мәңгілік Ел даңғылында орналасқан Азаматтарды қабылдау орталығында металл іздегіштен өту кезінде әдепсіз әрекет жасап, шалбарын шешкен.

Осылайша, Ж. қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, ұсақ бұзақылық жасаған. Сот отырысында Ж. кінәсін мойындамай, бұл әрекетті әзіл ретінде жасағанын түсіндірді. Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен және оқиға бейнежазбасымен дәлелденді», – делінген сот хабарламасында.

Сотта түсіндірілгендей, ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, не 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

«Жаза тағайындау кезінде сот жасалған әрекеттің дәрежесі мен сипатын, яғни әдепсіз мінез-құлық танытып, қоғамға анық құрметсіздік көрсеткенін ескерді. Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 50-бабына сәйкес, 63 жастан асқан адамдарға әкімшілік қамау қолданылмайтыны назарға алынды», – деп нақтылады сот.

Сот қаулысымен Ж. ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге (20 АЕК) көлемінде айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.