Ол өзінің атынан басқа біреулер SMS жазған дейді
Алматыда танымал әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыген мен оның бұрынғы әйелі Фариза Алмазқызына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Процеске журналист Руслан Өтепбай да қатысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалға қатысты. Бұған дейін Фариза Алмазқызы әлеуметтік желіде бұрынғы күйеуіне қатысты бірқатар мәлімдеме жасап, жазбалар мен скриншоттарды жариялаған.
Сол материалдардың бірінде Фаризаға қатысты «боди қызметімен айналысады, астаналықтар біледі» деген мазмұндағы ауыр сөздер жазылған. Алайда Нұрсұлтан Жақсыген бұл жазбаларды өзі жазбағанын айтып, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.
Журналист Руслан Өтепбай сот алдында әзілкештен атынан жарияланған хабарламаларды кім жазғанын сұраған. Нұрсұлтан Жақсыгеннің айтуынша, белгісіз адамдар оның атына жалған аккаунттар ашып, түрлі хабарламалар таратқан. Ол өз аккаунттары мен WhatsApp нөміріне шабуыл жасалғанын да мәлімдеді.
«Боди массаж жасайды деп жазған мен емес. Әйелімді және отбасын сығандарға теңеген де мен емес. Мен тек «балаларды көрсет» деген тақырыптарда жаздым. Кез келген адам аккаунтына Нұрсұлтан Жақсыген деп жазып қоя алады. Менің TikTok-та да, Instagram-да да бірнеше аккаунтым бар. WhatsApp нөміріме де шабуыл жасалды. Менде барлық дәлел бар. Қазір сот сараптама жүргізіп жатыр», – деді ол.
Әзілкештің сөзінше, оның кінәсі сараптама арқылы дәлелденсе, сот шешімімен келісуге тура келеді. Ал өзіне тиесілі емес хабарламалар үшін жауап бермейтінін атап өтті.
Қазір іс бойынша сот сараптамасы жүргізіліп, тараптардың уәждері қаралып жатыр.