Жамбыл облысында жүк көлігінің нөміріндегі бір әріпті өзгерткен жүргізуші 3 тәулікке қамалды
Жамбыл облысында мемлекеттік нөміріндегі бір әріпті өзгерткен жүк көлігінің жүргізушісі ұсталып, сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, Жуалы аудандық соты көлік құралын көрінеу жалған мемлекеттік нөмірмен басқару фактісі бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған. Оған ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған.
Volvo жүк көлігін тізгіндеген ер адам Жуалы ауданы аумағындағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолында полиция қызметкерлеріне тоқтатылған.
Тексеру барысында мемлекеттік нөмірдің бір бөлігін кішкентай қағазбен жауып қойғаны анықталған. Соның салдарынан нөмірдегі «Е» әрпі «F» әрпіне өзгертілген. Осыған байланысты жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Жүргізуші өз кінәсін мойындап, нөмірдегі қағазды байқамағанын айтты. Оның сөзінше, қағазды әйелінің інісі қалжыңдап жапқан.
ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігінде 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу және бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген.
Сот істі қарау барысында жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды анықтамаған.
Сот қаулысымен ер адам ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу және бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне әлі енген жоқ.