Халықаралық сарапшы Қазақстанның олимпиадалық жетістіктерінің маңызын түсіндірді
Халықаралық олимпиадалар көбіне медаль саны арқылы бағаланады. Дегенмен білім беру жүйесінің әлеуетін айқындау үшін жүлделер санымен шектелмей, пәндердің қамтылуы, бәсекелестік деңгейі және елдің дарынды оқушыларды тұрақты түрде даярлау мүмкіндігі сияқты факторларды да ескеру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық оқушылардың 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауда жеңіп алған мыңнан астам жүлдесі – жеке жетістіктердің ғана емес, дарынды жастарды даярлау жүйесінің нәтижесі. Оның айқын көрсеткіштерінің бірі – Халықаралық физика олимпиадасындағы нәтиже. Қазақстан құрамасының бес қатысушысының барлығы алтын медаль иеленді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесуі бұл жетістіктердің мәнін кеңірек пайымдауға мүмкіндік берді. Оқушылардың интеллектуалдық нәтижелері елдің болашағына қосылған маңызды үлес ретінде бағаланып, педагогтерге көрсетілген назар олардың жетістігіне тұтас білім беру ортасының қосқан үлесін айқындады. Қазақстандағы дарынды жастарды даярлау жүйесінің кемелдігін қандай өлшемдер арқылы бағалауға болады, олимпиадалық жаттықтырушыны жеке кәсіби бағыт ретінде қалыптастырудың маңызы неде және Қазақстанның Иорданиямен ынтымақтастығы қандай жаңа мүмкіндіктерге жол ашады? Осы және өзге де мәселелер жөнінде халықаралық олимпиадаларды ұйымдастыруға және кәсіби даму бағдарламаларын жүзеге асыруға маманданған Amjaad білім беру ұйымының бас директоры Абед Аззех пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
– Халықаралық тәжірибеде медаль саны білім беру жүйесінің кемелдігін әрдайым көрсете бермейді. Қазақстанның нәтижелері дарынды жастарды анықтау мен даярлаудың қалыптасқан ұлттық моделі бар екенін қалай көрсетеді?
– Білім беру жүйесінің кемелдігі бір ғана жарқын жеңіспен емес, оқушыларды кең ауқымда қамтумен, пәндердің алуан түрлілігімен және ең күрделі халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелердің үйлесімімен айқындалады. Қазақстандық оқушылардың 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауда мыңнан астам медаль иеленуі елде жақсы даярланған оқушылардың елеулі қоры қалыптасқанын көрсетеді.
Әсіресе Халықаралық физика олимпиадасындағы нәтиже назар аударарлық. Ұлттық құраманың барлық бес мүшесінің алтын медаль иеленуі іріктеу деңгейінің жоғары екенін және пәндік даярлықтың тереңдігін көрсетеді. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін логикалық ойлау қабілеті, стандарттан тыс міндеттерді шеше білу және іргелі білімді сенімді меңгеру қажет.
Халықаралық тұрғыдан алғанда, бұл жетістіктердің ауқымы мен сапасы дарынды балаларды ерте кезеңнен анықтап, оларды жаһандық бәсекеге жүйелі түрде дайындайтын кемел орта қалыптасқанын көрсетеді. Қазақстан STEM-білім беру саласында халықаралық деңгейде елеулі бедел қалыптастырып келеді.
Елде білімге негізделген экономикаға толыққанды қатысуға қажетті кадрлық әлеует бар. Білім беру инфрақұрылымы мен ғылыми бағыттарды одан әрі дамыту арқылы Қазақстан математика, жаратылыстану ғылымдары және технологиялар саласында мамандар даярлайтын жаңа халықаралық орталықтардың біріне айналу мүмкіндігін күшейте алады.
– Президенттің дарынды жастардың жетістіктерін жоғары деңгейде атап өтуі білімге деген қоғамдық көзқарасқа және жаңа білім беру мәдениетін қалыптастыруға қалай ықпал етеді?
– Мемлекеттік саясат білім беру саласына тек қаржыландыру, бағдарламалар мен нормативтік шешімдер арқылы ғана әсер етпейді. Қоғамның қандай жетістіктерді құрметке лайық деп санайтыны және оларды кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынуы да маңызды рөл атқарады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды әрі білімді жастарды «заманымыздың қаһармандары» деп атағанда, интеллектуалдық еңбектің қоғамдағы мәртебесі көтеріледі. Жастар білімнің, тәртіптің және күрделі міндеттерді шеше білудің мемлекет тарапынан жоғары бағаланатыны туралы айқын сигнал алады.
Отбасылар үшін мұндай мойындау баланың біліміне жұмсалған көп жылғы еңбектің құндылығын растайды. Ал мектептер үшін бұл академиялық ортаны дамытуға қосымша ынталандыру береді. Өйткені оқушының жетістігі енді тек белгілі бір білім беру ұйымы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды нәтижеге айналады.
Жаңа рөлдік үлгілердің қалыптасуы да ерекше маңызды. Кіші сынып оқушылары ұлттық деңгейдегі мойындауға білім, ғылым және жасампаз еңбек арқылы жетуге болатынын көреді. Сондықтан Президенттің бұл ұстанымы тұтас бір ұрпақтың ұзақ мерзімді таңдауына ықпал ете алады. Бұл білімге ұмтылысты қоғам қолдайтын өмірлік ұстанымға айналдырып, интеллектуалдық дамуды Қазақстанның болашағына қосылған үлес ретінде қабылдайтын мәдениетті қалыптастырады.
– Олимпиадалық жаттықтырушы жұмысын жеке мұғалімдердің бастамасы емес, кәсіби бағыт ретінде қалыптастыру үшін не істеу керек және бұл тұрғыда халықаралық тәжірибеден нені үйренуге болады?
– Тек жекелеген педагогтердің ынтасына тәуелді жүйе тұрақсыз болады. Ұстаз мықты команда даярлауы мүмкін, алайда ол кеткеннен кейін жинақталған тәжірибе мен білімнің сабақтастығы кейде бұзылады. Сондықтан олимпиадалық жаттықтырушының нақты кәсіби мәртебесі және біліктілігін тұрақты түрде жетілдіруге мүмкіндігі болуы қажет.
Бұл тұрғыда жетекші мамандар өзге педагогтерді даярлайтын Train-the-Trainer форматы тиімді. Мұндай бағдарламалар мұғалімдерді есептерді шешудің заманауи әдістемелерімен, халықаралық олимпиадалардағы өзгерістермен және дарынды балалармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерімен таныстырады.
Жаттықтырушының еңбегін негізгі қызметтік жүктеме аясында ескеру де маңызды. Тереңдетілген сабақтарға және оқу бағдарламаларын әзірлеуге арналған уақыт ресми түрде бөлінуі керек. Бұл жұмыс сабақтан кейін орындалатын қосымша міндет ретінде қарастырылмауы тиіс. Сондай-ақ тәлімгердің кәсіби даму траекториясы біліктілігін арттыруды, ынталандыру төлемдерін және қол жеткізген нәтижелерін мойындауды қамтуы қажет.
Халықаралық желілер педагогтерге басқа елдердің жетекші жаттықтырушыларымен және мамандандырылған ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәлімгерлерді қолдауға назар аударуы маңызды институционалдық мәселеге бағытталған. Мықты жаттықтырушы бір ғана жеңімпазды емес, білім мен тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізе алатын тұтас мектеп қалыптастырады.
– Қазақстан мен Иордания математикаға қабілетті оқушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамыту және Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында тұрақты білім беру дәлізін қалыптастыру үшін қандай бірлескен тетіктерді іске қоса алады?
– Олимпиадалық математика абстрактілі ойлауды, логикалық дәлдікті және дайын алгоритмге сүйенбей, шешім іздей білуді қалыптастырады. Бұл қабілеттер жасанды интеллект, машиналық оқыту және заманауи инженерия салаларының негізін құрайды. Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы олимпиадалық әлеуетті технологиялық құзыреттерге айналдыру үшін қолайлы мүмкіндік туғызып отыр.
Қазақстан мен Иордания бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, педагогтер алмасуын ұйымдастырып, оқушылар мен студенттерге арналған зерттеу жобаларын жүзеге асыра алады. Іргелі математиканы жасанды интеллект саласындағы практикалық даярлықпен ұштастыратын университеттік бағдарламаларды дамыту да перспективалы бағыт болмақ.
Amjaad пен қазақстандық білім беру ұйымдарының ынтымақтастығы бірлескен әдістемелік бағдарламалар әзірлеуді және жас зерттеушілердің ортақ STEM жобаларына қатысуын қамтуы мүмкін. Бұл екі елдің білім беру жүйелерінің мықты тұстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Мұндай өзара іс-қимыл Орталық Азия мен Таяу Шығыс және Солтүстік Африка өңірлері арасында тұрақты білім беру дәлізін қалыптастыруға ықпал ете алады. Қазақстан дарынды жастарды дамыту үшін қосымша халықаралық мүмкіндіктерге ие болса, жинақталған тәжірибе олимпиадалық нәтижелермен ғана шектелмей, бірлескен зерттеулерге, технологиялық әзірлемелерге және екі елдің жаһандық инновациялық ортадағы позициясын нығайтуға қызмет етеді.