Қазақстанда республикалық ата-аналар жиналысы онлайн өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Онлайн жиналыс 20 тамызға дейін өткізілуі тиіс

Үкімет басшысы Асқар Мамин оқыту әдістемесін толық пысықтап, биылғы 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыруды тапсырды. 

«Үкімет аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті деңгейде компьютер техникасымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтасын», — деді А. Мамин.  

Премьер-министр Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен педагогтердің оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын, мұғалімдердің тиісті оқудан өткізілуін, интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контенттің толық көлемде дайындалуын қамтамасыз етуге де нұсқау берді.  

«Оқулықтар 25 тамызға дейін беріледі. Оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінде міндетті түрде электрондық нұсқалары болуы тиіс, олар қолжетімді болуы қажет», - деді А. Мамин. 

Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елдімекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ету тапсырылды. 

Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігіне оқытуды дәстүрлі ашық түрде жалғастыратын бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында және шағын мектептерде санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау керек екені айтылды. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан